- Жер дауы дегеніміз не?
Жер дауы — азаматтардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың жер учаскесіне байланысты құқықтары мен мүдделері бойынша келіспеушілігі.
Мысалы:
- көрші жердің шекарасын өзгертіп жіберсе;
- біреудің жеріне заңсыз кіріп, пайдаланып отырса;
- жер учаскесінің шекарасы дұрыс белгіленбесе;
- әкімдік жер беруден бас тартса;
- мемлекеттік органның шешімі азаматтың жер құқығын бұзса;
- жер учаскесін мемлекет алып қою мәселесі туындаса.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 164-бабы жеке меншік құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғауды көздейді. Ал 167-бап жер дауларын қарау мәселесін реттейді.
- Ең алдымен қандай құжаттарды жинау керек?
Жер дауы шыққан кезде ауызша сөзге ғана сүйенуге болмайды.
Мүмкіндігінше мына құжаттарды жинаңыз:
- Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;
- Жер учаскесінің сәйкестендіру құжаты;
- Кадастрлық мәліметтер;
- Жер учаскесінің жоспары;
- Әкімдік шешімі;
- Жерге орналастыру құжаттары;
- Мемлекеттік органға берген өтініштер;
- Алған жауаптар;
- Фото және бейнематериалдар;
- Қажет болған жағдайда геодезиялық өлшеу нәтижелері.
Маңызды: сотта «бұл жер менікі» деп айту жеткіліксіз. Өз құқығыңызды құжаттармен және басқа да дәлелдермен көрсету қажет.
- Көрші жеріңізге кіріп немесе шекараны өзгертіп қойса не істеу керек?
Бірден жанжал шығармай, мәселені құжат арқылы анықтаңыз.
1-қадам. Жер құжаттарыңызды тексеріңіз.
2-қадам. Кадастрлық мәліметтерді салыстырыңыз.
3-қадам. Қажет болса, жердің нақты шекарасын маман арқылы өлшетіңіз.
4-қадам. Көршіге жазбаша түрде талап қойыңыз.
5-қадам. Мәселе шешілмесе, сотқа жүгініңіз.
Егер дау жер учаскесінің құқығына қатысты болса, Азаматтық процестік кодекстің 31-бабына сәйкес, мұндай талаптар жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа беріледі.
- Әкімдік сіздің құқығыңызды бұзса не істеу керек?
Мысалы, әкімдік жер мәселесі бойынша сізге бас тартты немесе сіздің құқығыңызға әсер ететін әкімшілік акт қабылдады.
Мұндай жағдайда әкімшілік актіге, әрекетке немесе әрекетсіздікке заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға болады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабы әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке немесе әрекетсіздікке шағым жасау мүмкіндігін көздейді.
Шағым беру мерзімі ӘРПК-нің 92-бабы бойынша жалпы ереже бойынша шағым әкімшілік акт немесе әрекет туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей беріледі.
Егер әкімшілік актінің өзінде оны шағымдану тәртібі көрсетілмесе, заңда бұл жағдайға арнайы мерзім қарастырылған.
Сондықтан әр істің нақты құжатын жеке тексеру қажет.
Маңызды: мерзімді өткізіп алмаңыз.
- Сотқа талап қою кезінде нені жазу керек?
Талап қоюда:
- соттың атауы;
- талап қоюшының мәліметтері;
- жауапкердің мәліметтері;
- даудың мәні;
- сіздің қандай құқығыңыз бұзылғаны;
- оны қандай дәлелдер растайтыны;
- соттан нақты не сұрайтыныңыз;
- қоса берілетін құжаттар көрсетіледі.
Әкімшілік талап қоюға қойылатын негізгі талаптар ӘРПК-де белгіленген.
Ең маңыздысы — соттан нақты талап ету.
Мысалы:
«Әкімдіктің _ жылғы №_ шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраймын».немесе: «Жауапкердің менің жер учаскеме кедергі келтіруін тоқтатуды сұраймын».
- Сотта қандай дәлелдер маңызды?
Дәлел ретінде істің мән-жайына қарай:
- жер құжаттары;
- кадастрлық мәліметтер;
- мемлекеттік органның шешімдері;
- жазбаша жауаптар;
- фотосуреттер;
- бейнежазбалар;
- куәлардың көрсетулері;
- маманның қорытындысы;
- сараптама;
- электрондық құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Егер жердің нақты шекарасы даулы болса, геодезиялық өлшеу немесе сараптама мәселесі маңызды болуы мүмкін.
- Мемлекеттік орган заңсыз шешім шығарса
Егер мемлекеттік органның заңға сәйкес келмейтін актісі салдарынан меншік иесінің немесе жер пайдаланушының құқықтары бұзылса, мұндай актіні сотта даулау мәселесі қойылуы мүмкін.
Жоғарғы Соттың жер даулары жөніндегі нормативтік қаулысында да мемлекеттік органның заңсыз актісі салдарынан меншік иесінің немесе басқа тұлғаның мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтары бұзылған жағдайда сот арқылы қорғау мүмкіндігі түсіндірілген.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ
Жер дауы шыққанда:
Құжат → Дәлел → Жазбаша өтініш/шағым → Мерзім → Дұрыс сот → Нақты талап.
Ең бастысы — эмоциямен емес, құжатпен және заңмен әрекет ету.
Егер құқығыңыз бұзылды деп есептесеңіз, сотқа жүгінудің алдында істің қандай санатқа жататынын және талаптың дұрыс қойылғанын анықтап алған жөн. Өйткені жер дауының түріне қарай азаматтық немесе әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі қолданылуы мүмкін.