ТД Турабаев ДаулетбекАдвокат Кеңес алу
Сұрақ-жауап

Әкімшілік заң

Полиция көлікті тоқтатқанда не істеу керек?

Жолдағы кез келген құқықтық жағдайдың бірінші кезеңі — көлік құралын тоқтату.

Көп жүргізуші осы сәтте бірден:

«Мен не үшін тоқтатылдым?» деп ойлайды.

Бұл — дұрыс сұрақ.

Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңында ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралын тоқтатуының нақты негіздері көзделген.

Олардың қатарында жүргізушінің жол жүрісі туралы заң талаптарын немесе жол жүрісі қағидаларын бұзуы, іздестіріліп жатқан көлік құралдарын анықтау, белгілі жағдайларда құжаттарды тексеру, қозғалысты шектеу туралы шешімдерді орындау, жол-көлік оқиғасы немесе құқық бұзушылық туралы мән-жайларды анықтау қажеттілігі және жол жүрісін реттеу сияқты негіздер бар. Заңда көзделмеген негіздермен тоқтатуға жол берілмейді.

Бұл жерде азаматтың бір маңызды ерекшелікті түсінуі қажет:

Көлік тоқтатылған сәтте бірден полиция қызметкерінің әрекеті заңсыз деп айтуға болмайды.

Алдымен тоқтатудың себебін анықтау қажет.

1.1. Қызметкерге қандай сұрақ қоюға болады?

Азамат сабырлы түрде:

«Сәлеметсіз бе.

Көлікті тоқтатудың себебін түсіндіріп жіберіңізші.» деп сұрай алады.

Егер полиция қызметкері жол қозғалысы ережесін бұздыңыз десе:

«Қандай жол жүрісі қағидасын бұздым? Қай әрекетім құқық бұзушылық деп есептеледі?» деп нақтылауға болады.

Бұл сұрақтар полиция қызметкерімен дауласу емес.

Керісінше, істің мән-жайын анықтау.

1.2. Полиция қызметкері өзін таныстыруы керек пе?

«Жол жүрісі туралы» заңның 52-бабында көлік құралы тоқтатылған кезде ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралына кідірмей жақындауы, өзін таныстыруы және жүргізуші талап еткен жағдайда қызметтік куәлігін танысу үшін көрсетуі, сондай-ақ көлік құралын тоқтату себебін түсіндіруі көзделген.

Сондықтан азамат:

«Қызметтік куәлігіңізді танысу үшін көрсете аласыз ба?» деп сұрай алады.

Мұнда да басты қағида — сыпайылық.

Азамат: «Куәлігіңді көрсет!» деп агрессивті түрде емес, «Қызметтік куәлігіңізді танысу үшін көрсетуді сұраймын» деп сөйлескені дұрыс.

1.3. Азамат полиция қызметкерінің заңды талабын орындауы керек пе? Иә.

Егер көлік құралын тоқтатуға заңды негіз болса және қызметкер заңда белгіленген тәртіппен әрекет етсе, жүргізуші оның заңды талаптарын орындауға міндетті. Бұл талапты орындамау өз алдына құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Сондықтан азаматтың:

«Мен өз құқығымды білемін, сондықтан ештеңе істемеймін» деген ұстанымы дұрыс емес. Дұрыс ұстаным:

«Мен заңды талаптарды орындаймын, бірақ өзімнің процессуалдық құқықтарымды да пайдаланамын».

Осы екі жағдайды ажырата білу өте маңызды.

1.4. Азаматтың ең бірінші қорғаныс құралы — сабыр Полиция қызметкерімен сөйлескен кезде азаматтың дауысы көтерілмеуі керек.

Қорлау, балағаттау, қоқан-лоқы жасау немесе күш қолдануға әрекет жасау жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін.

Сондықтан кітаптың бірінші практикалық ережесі:

ТОҚТАҢЫЗ — ТЫҢДАҢЫЗ — СЕБЕПТІ АНЫҚТАҢЫЗ

  • ҚҰҚЫҒЫҢЫЗДЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ.

1.5. Бірінші минуттағы 5 сұрақ Полиция қызметкері сізді тоқтатқан кезде мына бес сұрақты есте сақтаңыз:

  1. «Көлікті тоқтатудың себебі қандай?»
  2. «Маған нақты қандай құқық бұзушылық тағылып отыр?»
  3. «ӘҚБтК-нің қай бабы қолданылады?»
  4. «Өз түсініктемемді беруге мүмкіндік бар ма?»
  5. «Хаттамамен және іс материалдарымен таныса аламын ба?» Бұл сұрақтар азаматқа өзінің жағдайын түсінуге мүмкіндік береді.
Жағдайыңыз басқаша ма? Адвокат құжаттарыңызды қарап, сізге жеке жауап береді.
Кеңес алу · 10 000 ₸

Осы тараудағы басқа сұрақтар